Жаңалықтар
Мемлекет басшысы Ұлттық ғылым академиясында жас ғалымдармен кездесті

Мемлекет басшысы Ұлттық ғылым академиясында жас ғалымдармен кездесті

Глава государства встретился с молодыми учеными в здании Национальной академии наук

Мемлекет басшысы Ұлттық ғылым академиясында жас ғалымдармен кездесті

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласына жұмыс сапары барысында Ұлттық ғылым академиясының таяуда ғана күрделі жөндеуден өткен «Ғылым ордасы» ғимаратын аралап көріп, ғылыми қауымдастықпен кездесті.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде ғылым мен жоғары білім салаларын дамыту үшін қабылданып жатқан кешенді шараларды атап өтті. Нақтырақ айтқанда, білікті кадрлар әзірлеуге арналған грант саны соңғы жылдары бір жарым есе көбейді. Қазақстанда әлемнің беделді 12 жоғары оқу орнының филиалы жұмыс істеп тұр. Көп ұзамай тағы бірнешеуі ашылады. Зерттеу жұмыстарымен айналысатын университеттер көбеюде. Технология парктері және инжиниринг орталықтары ашылып жатыр. Жыл сайын 500 ғалым шетелде тағылымдамадан өтеді. Министрлік жас ғалымдарға мыңдаған грант бөліп жатыр. Президенттің пікірінше, мұның бәрі – ғылымды дамытуға оң ықпалын тигізетін шаралар.

Қасым-Жомарт Тоқаев сөзін қорытындылай келе, алдағы екі жылда жас ғалымдардың зерттеуіне бөлінетін грант саны тағы да көбейетінін, ол үшін бюджеттен 18 миллиард теңге бөлінетінін мәлімдеді. Сондай-ақ нақты шаралар арқылы еліміздегі ғылымды және жалпы ғалымдар қауымын қолдау жұмысы алдағы уақытта да жалғасатынын жеткізді.

Шара соңында Президент жас ғалымдарға әлеуметтік тұрғыдан қолдау көрсету – мемлекеттің міндеті екенін атап өтіп, ғылымның түрлі саласында еселі еңбек етіп жүрген он азаматқа салтанатты түрде пәтер сертификаттарын табыстады.

Сонымен қатар жиында Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев, Ұлттық ғылым академиясы жанындағы Жас ғалымдар кеңесі төрағасының орынбасары Шахислам Лайсханов сөз сөйледі.

Президенттің жас ғалымдармен кездесуде сөйлеген сөзінің толық мәтінімен мына сілтеме арқылы танысуға болады.

31.05.2024

Возврат к списку