Атырау облысының белсенді жастары Мәдениет және ақпарат министрлігінің жұмысымен танысты
Атырау облысындағы «Өзгеріс көшбасшылары» жас саясаткерлер мектебінің резиденттері Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің жұмысымен танысты. Олар елордаға сапар барысында мемлекеттік аппараттың негізгі нысандарына барды.
Атыраулық жастар Мәдениет және ақпарат министрлігінде Жастар және отбасы істері комитеті төрағасының орынбасары Біржан Әлімжановпен кездесу өткізді. Онда жастар саясатының негізгі аспектілері сөз болды. Қонақтарға қысқаша экскурсия да ұйымдастырылды.
Айта кетейік, Атырау облысында 2024 жылдың маусым айынан бері «Өзгеріс көшбасшылары» жас саясаткерлер мектебі жұмыс істейді. Іріктеу барысында әр саладан 30 адам таңдалды. Жобаның мақсаты – өңірдің әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешуге белсенді жастарды тарту. Мектеп қатысушылары мемлекет және қоғам, азаматтық құқық, бюджет, әлеуметтану және азаматтық технологияларды пайдалану секілді бес бағыт бойынша оқудан өтеді.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі