Жаңалықтар
«Нұрлы жол»: жаңа бағдарлама әзірленеді

«Нұрлы жол»: жаңа бағдарлама әзірленеді

«Нұрлы жол»: жаңа бағдарлама әзірленеді

«Нұрлы жол»: жаңа бағдарлама әзірленеді

«Нұрлы жол» халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға ықпал етеді. Мәселен, былтыр 86 мыңнан астам жұмыс орны құрылған. Биыл тағы 54 мың жұмыс орны ашылмақ. Премьер-министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысы қаралды.

Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленовтің айтуынша, «Нұрлы жолды» іске асыруға 2018 жылы барлық қаржыландыру көздерінен шамамен 791 млрд теңге көзделген. Соның ішінде республикалық бюджеттен 437,2 млрд теңге бағытталды, оның 437,1 млрд теңгесі немесе 99,9 пайызы игеріліпті.

– Көлік инфрақұрылымын дамыту аясында жалпы алғанда, 4,6 мың шақырым жолда құрылыс және реконструкциялау жұмыстары жүргізілді. 2018 жылдың қорытындысы бойынша 528 шақырымында қозғалыс ашылды. 928 шақырым темір жолға күрделі жөндеу жасалды. Қостанай облысында ұшу-қону жолағы реконструкцияланды. Семей қаласының ұшу-қону жолағын реконструкциялау аяқталды. 2018 жылы 172,7 шақырым инженерлік желілер тартылды, олардың тозуы 60%-дан 57%-ға дейін кеміді. Бағдарламаны іске асыру 2018 жылы ЖІӨ өсіміне үлес қосты, – деді Р.Дәленов. Өз кезегінде Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр «Нұрлы жол» аясында осы жылы 4,4 мың шақырым жол қайта жаңғыртылатынын, бұл жобаларда 100 мыңнан астам жол құрылысшылары еңбек етіп жатқанын жеткізді.

– Қарағандыдан Алматыға және Ақтөбеден Ресей шекарасына (Астраханға) дейін құрылыс жұмыстары басталады. Жыл қорытындысында жаңғыртылған 654 шақырым автожол қозғалысын ашу жоспарлануда. «Астана-Павлодар» (441 шақырым), «Щучинск-Зеренді» (80 шақырым), «Бейнеу-Ақжігіт» (85 шақырым), «Таскескен-Бақты» (20 шақырым), «Жетібай-Жаңаөзен» (73 шақырым) жобалары бойынша жұмыстар толығымен аяқталады. Республикалық маңызы бар 1 600 шақырым автожол жөндеу жұмыстарымен қамтылады, – деді ол. Қазақстанда жол құрылысының қарқын алуына байланысты жол битумының тапшылығы туындаған екен. Бұл мәселені шешу үшін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Үкіметке «битум өнімінің экспортына тыйым салуды» ұсынды. Оның мәліметінше, отандық автожол саласының қажеттілігі 770 мың тоннаны құрайды. Еліміздегі зауыттардың өнімділігі – 890 мың тоннадай. Жаңа салынған сапалы жолдар қайта жөндеу бойынша бюджетке жүктеме түсірмеуі үшін олардың біразы «өзін-өзі өтеуге» шығарылуда, яғни автомобиль жолдарын күтіп ұстау және сақталуын қамтамасыз ету мақсатында ақы алу жүйесі енгізіліп жатыр.

– Биылғы қаңтардың соңында жалпы ұзындығы 471 шақырым болатын «Алматы-Қорғас» (295 шақырым), «Алматы-Қапшағай» (42 шақырым) және «Астана-Теміртау» (134 шақырым) жол телімдерінде ақы жинау басталды. Тұтастай алғанда, 2019 жыл қорытындысында 4 ақылы жолдан жиналатын жыл сайынғы алым шамамен 5,4 миллиард теңгені құрайды. Келесі жылы ақы алу жүйесін тағы 5 мың 500 шақырымда іске қосу жоспарлануда, – деді Р.Скляр.

2022 жылдың соңына қарай ақылы жолдардың жалпы ұзындығы шамамен 6 мың 500 шақырымға жетпек. Одан түсетін қаржы 40 млрд теңге болады деген болжам бар. Бұл қаржы осы жаңа жолдардың өзін-өзі күтіп ұстау режиміне өтуіне мүмкіндік береді. «Жаһандық бәсекеге қабілеттілік рейтингінде» еліміз автомобиль жолдарының жағдайы бойынша 59-орында. Алайда арнайы сауалнама көрсеткендей, «халықтың жергілікті желідегі жолдардың жағдайына қанағаттану деңгейі» бойынша еліміз 106-орынға сырғиды. Осыған байланысты, өңіраралық инфрақұрылымды жүйелі дамыту жөніндегі ел Президентінің тапсырмасын орындау мақсатында жергілікті маңыздағы автожолдарды қаржыландыру 2018 жылы 156 млрд теңгеге дейін жеткізілген. Ол 4 мың шақырымнан астам жолды жөндеуге мүмкіндік берді.

– Жергілікті жолдарды дамытуға қосымша қаржы бөлуге қатысты Мемлекет басшысының Nur Otan партиясының съезінде берген тапсырмасын орындау мақсатында қаржыландыру 200 миллиард теңгеге дейін артатын болады. Осындай қарқын келесі жылдарда да сақталады. Осылайша, 2025 жылға дейін шамамен 35 мың шақырым жол жөнделеді және жергілікті маңызы бар автожолдардың 95%-ының жағдайы жақсарады, – деді Роман Скляр.

Ол «Нұрлы жол» аясында жылумен, сумен жабдықтау және кәріз жүйелерін жаңғырту саласында бюджеттік кредиттеу және субсидиялау тетіктері іске қосылғанын хабарлады. Мембағдарлама басталғалы бері, яғни 2015-2018 жылдары 230 млрд теңгенің 404 жобасы жүзеге асырылды. 3 мың 259,7 шақырым жылумен, сумен жабдықтау және кәріз желілері, 24 қазандық, 71 басқа құрылыс нысандары салынған.

2019 жылы 175 шақырым инженерлік желіні (41 шақырым жылу, 135 шақырым сумен жабдықтау және су бұру желілерін, сондай-ақ 3 басқа объектілерді) қайта жаңғыртуға және салуға 37,9 миллиард теңге көзделген.

Бұл ретте министрлік әкімдіктермен бірлесіп, «Сумен жабдықтау және су бұру салаларындағы жобалардың тізімін» түзіпті. Орталықтандырылған ауызсумен және кәріз жүйесімен жабдықтауға қатысты халықтың көкейкесті проблемаларын шешу үшін жыл сайын қосымша 20 миллиард теңге бөлінетін болды.

Үкімет отырысында «Солтүстік – Оңтүстік» электр желілерін және «Қарағанды – Балқаш» автожолын салу жобаларын іске асыру туралы Қарағанды облысының әкімі Е.Қошанов, ал «Ақтөбе – Ақтау» автожолы жобасы бойынша Ақтөбе облысының әкімі О.Оразалин баяндады.

Талқылауларды қорытындылаған Премьер-министр Асқар Мамин мемлекеттік органдарға «Нұрлы жолды» орындауға жұмылуды жүктеді. Биыл 2015-2019 жылдарға арналған мембағдарламаны іске асырудың бірінші кезеңі аяқталады. А.Мамин бағдарламаны жүзеге асыру көлік және инженерлік инфрақұрылымның дамуына қуатты серпін бергеніне екпін түсірді. Өткен кезеңде 8 мың шақырым автожол, 3 мың шақырым жылумен және сумен жабдықтау желілері салынып, реконструкцияланды. 1776 шақырымдық «Солтүстік – Оңтүстік» үшінші электр желісі пайдалануға берілді.

– Бағдарламаның аса маңызды міндеті – халықтың тұрмыс сапасын арттыру. Жаңа жолдар салу жүк тасымалдау кезіндегі бизнестің көліктік шығындарын кемінде 15%-ға қысқартады. Нәтижесінде, бұл өнімдердің өзіндік құнына және тұтынушылар үшін түпкі бағасына ықпалын тигізеді, – деді Асқар Мамин.

Бұған қоса, «Нұрлы жол» елдің транзиттік әлеуетін дамытуға ықпал етті. Өткен жылдың өзінде транзиттен түскен кіріс 1,5 млрд долларды құрады. Транзиттен қосымша табыс табу мақсатында осы жылдан бастап, «Астана – Щучинск» автотрассасынан бөлек, тағы 471 шақырымдық ақылы жаңа жолдар пайдалануға берілді.

Үкімет басшысы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне «Нұрлы жол» бағдарламасының 2020-2025 жылдарға арналған келесі кезеңін әзірлеуді тездетуді тапсырды. Осы айда жаңа бағдарлама тұжырымдамасының таныстырылымы өтпек. Айхан ШӘРІП
06.03.2019

Возврат к списку