Жаңалықтар
Арманда! Ұсын! Іске асыр!

Арманда! Ұсын! Іске асыр!

Арманда! Ұсын! Іске асыр!

Арманда! Ұсын! Іске асыр!

Жас келсе, іске. Елбасы ұсынған «Мәңгілік ел» ұлттық идеяны жүзеге асырушы жастарды жан-жақты қолдау, жағдайын жақсарту бағытында елімізде тың жобалар жүзеге асуда. Әсіресе, еліміз бойынша жастардың әлеуметтік жағдайы, жастар арасындағы жұмыссыздық, баспанамен қамтылуы, кәсіпкерлікке бетбұрыс, жалпы алғанда жастарды қолдау бағытында көл-көсір іс-шаралар нөпірі басталып кетті. Күні кеше елордамызда «Арманда! Ұсын! Іске асыр!» атты үздік тәжірибелердің республикалық форумы шымылдығын түрді.

Бұл – 2018 жылды қорытындылап, қоғамда іске асырылып жатқан жобаларды талқылайтын, жастардың қоғамдастықтарын жақсартуға қосқан үлестерін екшейтін шара. Жалынды жастардың жобаларын іске асыру шеңберінде өндірілген өнімдердің көрмесі де өтіп жатыр. 2017 жылы Білім және ғылым министрлігі мен Дүниежүзілік банк Жастар корпусын дамыту жобасын іске асырған болатын. Жобаның негізгі мақсаты да сол – осал топтағы жастарды қоғамға бейімдеу. Нәтижелі еңбекпен қамту үшін өмірлік маңызы бар дағдыларды дамыту арқылы әлеуметтік пайдалы қызметке тартуға бағытталған. Үйлестіру агенттігі іске асыратын жобаның пилоттық режимі Алматы, Қарағанды, Павлодар және Оңтүстік Қазақстан облыстарының аумағында іске асырыла бастады. Бүгінге дейін Қазақстанның бүкіл аумағы бойынша 8 500 жас адамды қамтып отыр.

Былтыр бұл жоба Қазақстанның Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Солтүстік Қазақстан, Қызылорда және Қостанай облыстарында іске асырылды. Жұмыс істелген 6 ай ішінде 3 508 жас азамат әлеуметтік идеясын жүзеге асыра алды. Осы облыстарда жоба аяқталғаннан кейін жастар 198 білім беру курсын (компьютерлік, тіл) ашып, сүт және ет өнімдерін өндіру бойынша 154 жобаны іске асырды. Волонтерлік бастамаларды, отансүйгіштік пен отбасылық құндылықтарды қолдау шеңберінде жастар 94 жоба қалыптастырды, 92 спорт секциясы мен фитнес клубын, 58 шығармашылық үйірмесін (би, тоқу, хэндмейд), 52 наубайхана, кондитерлік және ірімшік қайнататын өндіріс орнын, 49 тігін шеберханасын ашты.

Білім және ғылым министрлігінің жауапты хатшысы Арын Орсариев бұл жобаның мақсаты айқын, болашақ бағыты анық екенін тілге тиек етті. «Қатысушылар жұмыстарының нәтижелерін міне, осы форумның ашылуына алып келді. Бұл еңбектерін жобаның барлық өңірінде өткен аймақтық форумда көрсетті. Екі қолға бір жұмыс бар. Жастардың осындай жігерлі, намысты, іскер болып, елге қызмет еткеніне қуаныштымыз. Олардың барлық жобасын қолдауға әзірміз» деді ол форумның ашылуында.

Үздік жобалар көрмесінде қатысушылар өздері өндірген өнім: сүт және ауылшаруашылығы өнімдерінің, тоқыма және қолөнер бұйымдарының көрсетілімін ұсынды. Кей жастар жоба барысында үйренген жаңа кәсіп түрлерінен шеберлік сағатын өткізді. Олардың тәжірибесімен танысып, үйренемін деген жастар да қызығушылық танытып отыр. «Қазір бірлестікте 35 адам жұмыс істейді. Жартысы – бірінші топтағы мүгедектер. Өңірдегі ең ірі ұйым ретінде әлеуметтік көмек көрсетеміз. 100 млн теңгеден астам қаржыға мемлекеттік тапсырыс орындаймыз. Жоспарымыз көп. Мүгедектерге арналған инфрақұрылымы бар қалашық салғым келеді» дейді сал ауруларына шалдыққан азаматтарды қорғау қоғамдық бірлестігінің төрайымы Құралай Бәйменова.

Гүлжан РАХМАН
08.02.2019

Возврат к списку