Сұхбаттар

Баршаға арналған Ғылым: Бибарыс Сейтақ қазақ тілінің ғылыми қоғамдастықты қалай қалыптастыратыны туралы

Қайырлы күн, Бибарыс! Сұхбаттасуға келіскеніңізге рахмет. Қазақ Бабыл жобасы туралы толығырақ айта кетсеңіз? 

Қазақ Бабыл — ғылыми-танымдық жоба, яғни біз ғылымды насихаттаймыз. Креатив, әдемі дизайнмен жасалған, сауатты, қарапайым тілмен әрі қысқа да нұсқа жазылған постар мен қызық, кәсіби монтажбен түсірілген сапалы видеолар арқылы көпшілікке ғылыми мазмұн ұсынамыз.


Қазақ Бабыл атты жобасын ашуға не түрткі болды?

Өзім Назарбаев Университетінде тілтану (лингвистика) мамандығын оқығанмын. Тілдер жайлы, олардың табиғаты жайлы ғылыми, терең, жан-жақты жиған білімім бар болғасын, оны ортаға салғым келіп, 2020 жылы команда жинап, парақша аштық. Тілдерге, тіл саясатына, соның ішінде әрине бірінші кезек мемлекеттік тілге деген салауатты көзқарас қалыптасса екен дейміз. Тіл жайлы жаңсақ пікір, алып-қашпа әңгіме көп. Гуманитарлық ғылымдарды ғылым емес деп елемегендіктен бе, әлде кей адам расында менмендікке сонша салынғаны ма, тілтануда бірде-бір кәсіби, ғылыми дайындығы, дипломы жоқ біреулердің тілдер жайлы, сөздер жайлы «жаңалық ашқанын» жиі көруге болады. Біреулер «әйел» сөзін сөгеді, біреулер «қазақ тілі ғылымға жарамайды» деп адасады, енді біреулер «Алматының атауы асылы Алма-Ата» деп айды аспанға шығарады. Бұндай қауесетке ғылыми, дәлелді фактчек керек — оны тілтанушылар жасай алады. Ал қазір біз ауқымымызды кеңейтіп жалпы түрлі ғылымдарды қамтып жүрміз.

Әріптестеріңіз жайлы айтсаңыз, жобада неше адам бар және қандай қызметпен айналысады?

Тобымызда үш адам бар: өзім, яғни Бибарыс Сейтақ, Гүлнұр Сұлтан және Аружан Елеусіз. Өзімді айтып кеттім, гуманитарлық ғылымдар магистрі, Назарбаев Университетінде зерттеуші болып жұмыс істеймін. Жобаның авторы, дизайнері, монтаждаушысымын. Гүлнұр – химик-инженер, қазір Назарбаев Университетінде төртінші курс студенті. Аружан Вистула Университетін саясаттану мамандығымен бітірген, қазір фармацевтикалық компанияда жұмыс істейді. Гүлнұр жобада логистикалық жұмыспен айналысса, яғни іс-шара ұйымдастырғанда орын, үлестіретін материалдар, қонақтармен жұмыс істесе, Аружан копирайтер, байланыс, СММ қызметін атқарады.

Қазіргі таңда қазақстандық жастар арасында ғылымға деген қызығушылық қандай деңгейде?

Ғылымға деген әуестік жоғары. Осы жуырда жаңа форматта рилздер сала бастаған едік, сонда өз басым, шынымды айтайын, ғылыми мәлімет болса да, ұлтшылдау сарындағы, яғни қазаққа, Қазақстанға қатысты ғана мазмұн кең тарар деп болжағанмын. Сөйтсе күтпеген жерден Instagram-да да, TikTok-та да Халықаралық киттерді қорғау күніне орай шығарған киттердің эволюциясы жайлы видеомыз өте кең тарап кетті, жарты миллионнан астам көрілім жинады, әлі де әлсін-әлсін TikTok-тағы «ұсыныстар» санатына қайта өтіп кетіп тұрады, бәлкім миллионға да жетер.

Ғылымға деген құштарлықты қалай арттыруға болады деп ойлайсыз?

Біздікіндей қарапайым тілмен жазылған мазмұн арқылы деп санаймыз. Қазір қайткен күнде интернет заманы ғой. Жаңа реалитиге үйрене беруіміз керек сияқты. 


Ана тілімізді насихаттауға көп көңіл аударасыздар, бүгінгі күні қазақ тілі қоғам арасында қандай деңгейде? Өзіңіз күнделікті өмірде ана тілімізде сөйлеймін деп айта аласыз ба? 

Қазақ тілінің абсолютті басымдыққа ие болу жолында кедергілер жоқ емес, бар. Алайда олармен жүйелі түрде жұмыс істеуді жалғастыра берсек, тілдің келешегіне жалпы оптимизммен қарауға болады. Әлем көлемінде қазақ тілі – үлкен, яғни кең қолданыстағы тілдердің бірі. Apple, Google, Microsoft сияқты алпауыт корпорациялар мен Oxford, UCSB, Wisconsin-Madison, Индиана университеті сияқты ЖОО-лар қазақ тіліне көңіл бөлетіні бекер емес қой? Маңызды, санасуға тұрарлық тіл деген сөз. Ал провокаторлар мен тілді менсінбейтіндер түрлі сөз айтуы мүмкін, бірақ балағыңа жабысқан әр тікенге еңкейе берсең, мақсатыңа еш жетпейсің ғой? Ол жай ғана жалғыз орыс тілінде сөйлеп-ақ привилегиялы болып отыруға әбден үйреніп алып, енді бүгінде соның бәрінен айырылып қалатынын түсінетіндіктен, сезетіндіктен, өздерін жұбатып отырған түрі. Ондай кісілерге тек дұрыс жолды, тарихтың дұрыс тарапын көрсетіп жіберу керек шығар.

Ғылыми салада қазақ тілінің дамуы қандай деңгейде?

Ғылыми салада қазақ тілінің өзінде еш мәселе жоқ. Ғылымға жарамды-жарамсыз тіл деген болмайды, жай ғана бір саладағы қолданысы болады. Бізде ол жағынан да позитив құбылыстар жоқ емес, бар. Бірақ әлі де аянбай еңбек етуіміз керек.

Ана тіліміздің мәртебесін арттыру үшін қандай да бір ұсынысыңыз бар ма?  

Өзіңнен бастау деген ұран жиі айтылады, алайда көп мәселені үкімет пен халық біріккен, жүйелі түрде және заңмен шешсе, бәрі әлдеқайда тез шешіледі. Қызмет көрсету, дубляж салаларына әсер ететіндей заңды жетілдіру керегі анық.

Жобаға мүше болу үшін не істеу керек? Қандай талаптар бар?

Әзірше жаңа мүше қабылдап жүрген жоқпыз, үшеуіміз де үлгеріп жатырмыз.

Сұхбат соңында, алдымызда келе жатқан 12 сәуір - Ғылым қызметкерлері күніне орай, осы салада жүрген әріптестеріңізге өз жылы лебізіңізді білдіре кетсеңіз.

Ғылымда жүрген әр адамның алдында басымды иемін. Ғылым – ол расында даму жолы. Ғылымға адал болуды тілер едім, яғни «менбілемге» еш салынбай, қашанда өз ойыңа сыни қарай білуді, керек жерде күмәндана білуді, керек жерде нық-нық сөйлеуді, қашанда ғалымға сай ізденісте болуды тілер едім. Сондай-ақ халықтың құрмет-қошеметіне бөленіп, сенім үдесінен шыға беріңіздер. Ғылыми ерліктеріңіз адамзат игілігіне ғана қызмет етсін. Ғылым саласындағы әділет пен мамандарға жасалатын жағдай сапасы арта берсін.

Сұхбаттасқан «Жастар» ҒЗО сарапшысы Аюухан Жадра

Фотоматериалдар Бибарыс Сейтақтың жеке мұрағатынан алынды 

Жауапкершіліктен бас тарту: Осы материалда айтылған пікір мен көзқарас автор(лар)ға ғана тиесілі және «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының ресми ұстанымын көрсетпейді. Сонымен қатар Орталық осы материалдағы ақпараттың дәлдігі, толықтығы немесе сенімділігі үшін жауапкершілікті өз мойнына алмайды.


11.04.2024 487

Возврат к списку