Тәуелсіздікпен қатар «түлеп» келе жатқан бағдарлама дамудың бірнеше күрделі сатысынан өтті. «Болашақ» халықаралық стипендиясы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 1993 жылғы 5 қарашадағы Қаулысының негізінде, ел экономикасының басым секторлары үшін кадрлар мен мамандар даярлау мақсатында қолға алынды. Әуелде мектепті жаңа бітірген, бұған дейін ата-анасынан жырақ кетіп көрмеген уыздай жастар бакалавриатта білім алу үшін шетелдерге аттанды. Кейін бакалавриат бағдарламасының күші жойылып, отандық университеттерден бакалавр дәрежесін алған үміткерлер ғана магистратура мен докторантурада оқуға мүмкіндік алды. Бұл шын мәнінде оң шешім болды. Осы сәттен бастап «Болашақ» бағдарламасының стипендиясын іс-тәжірибеде қажетті білімін тереңдетуді көздейтіндер магистратураға, ғылым жолын таңдағандар докторантураға түскен үміткерлер иеленетін болды. Сонымен қатар бағдарлама бойынша әлемнің жетекші компаниялары мен университеттерінде ғылыми-өндірістік тағылымдамадан өтуге мүмкіндік бар. Міне, осының бәрі кез келген жұмысты зерттеу негізінде жүргізе алатын мамандарды даярлауға септігін тигізді.
Осы ретте біз докторантурада оқитын және отандық ғылымның дамуына үлес қосып жүрген «Болашақ» бағдарламасының стипендиаттарын сөзге тарттық. Жоғарыда жазғанымыздай, «Болашақ» бағдарламасының түлектері елімізге ең қажетті салаларда ғылымның алға ілгерілеуіне атсалысып келеді. Бірақ біз оқырмандардың уақытын сыйлап, қазіргі таңда ең маңызды екі саладағы түлектердің түйгеніне тоқталдық.
«Болашақ» – жас ғалымдарды даярлайтын инкубатор»
Ерғали Бердібаев «Болашақ» бағдарламасымен Англиядағы Ноттингем Университетінің IT саласы бойынша магистратурасын тәмамдаған. Қазіргі таңда ол – Оңтүстік Кореяның алдыңғы қатарлы технологиялар институтының (KAIST, Корея) Әлемдік IT мен телекоммуникациялар докторанты. Докторлық зерттеуінің тақырыбынан-ақ Ерғалиді елдің дамуы алаңдататынын білуге болатындай.
– Ғылымды әркім әрқалай түсінеді. Бірақ бәріне ортақ бір түсінік бар, бұл – іздену. Ағылшынның «Research» деген сөзі соған саяды, яғни «Re» – қайта, қайтадан, «search» – іздеу, іздену. Мені де ғылымға осы іздену, бір сұрақтың жауабын табуға деген ұмтылысым жетелеген шығар. Ес білгелі жаратылыстану ғылымына, соның ішінде физика-математикаға, ондағы есептер мен тапсырмаларды орындауға құмар болдым. Мектеп бітіргенде осы қабілетімді жетілдіргім келіп Қазақ ұлттық техникалық университетінің «Есептеу техникасы мен бағдарламалық қамтамасыздандыру» мамандығына оқуға түстім. Кейін тағы білім қуып Ұлыбританияға аттандым. Шетелден келген соң елде біраз жұмыс істеп, ғылым жолына түсіп, қазір Кореяда докторантурада оқып жүрмін. Меніңше, ғылым жолында болу үшін докторлық дәреже қажет емес, бірақ бұл бағытыңды айқындауға көмектеседі және нені, қалай бастауға болатынын үйретеді. Менікі ІТ саласы болғанымен, зерттеуім – экономикалық бағытта. ІТ тек программа құруды немесе жаңа инновациялық құрылғы жасап шығаруды ғана емес, «Оның жалпы адамзатқа ықпалы, берер пайдасы қандай, кемшіліктері бар ма?» деген сұрақтарды да қамтиды. Қазіргі зерттеуім де сол секілді, яғни «Цифрлы қаржы қызметтерінің (internet banking) дамушы елдерге берер әсерін зерттеймін. Мәселен, осы саланың бір зерттеу қорытындысы қай елде аталған қызмет көп қолданылса, сол елде кедейшілік үлесі төмен болатынын көрсеткен. «Кедей халық қолдағы (картадағы емес, қалтадағы) ақшаға көбірек тәуелді, сол себепті қолда ұстағанды жөн көреді», делінген. Дәл осындай ғылыми экономикалық зерттеулер мемлекеттердің ұсынысы бойынша, не арнайы тапсырыс ретінде жүргізіліп, соның негізінде стратегиялық жоспарлар жасалады. Бұл тақырыпты еліміздің дамуы үшін Қазақстанда да зерттеу жүргізу мақсатында таңдадым, – дейді Е.Бердібаев.
Кейіпкеріміздің ойынша, ғылымда қандай да бір нәтижеге қол жеткізу үшін табандылық қажет. Елімізде көбіне басталған іс соңына дейін жете бермейді. Бұл тұрғыда Оңтүстік Кореяның тәжірибесі ерекше. Кезінде дамыған елдердің жүздігіне де кірмеген оңтүстіккореялықтар алдымен өздерін алдамауға, барды – бар, жоқты жоқ деп, жемқорлықты түбімен жоюға уәделесті. Және жыл сайын ішкі жалпы өнімнен ғылымға 1 пайыз (1-ші жылы 1% болса, келесі жылы 1,1% дегендей) бөлді. Содан соң гранттық қаржыландыратын зерттеулердің нәтижелерін ұзақ мерзімге қойды, яғни кемі 15-20 жылға жоспарлады. Қомақты қаржы бөлінгендіктен ғылыми орындар көптеп ашыла бастады. Қазіргі Кореядағы 500-ден аса зерттеу орталықтары мен институттарда 500-1000 шамасында PhD/докторлық дәрежесі бар ғалымдар жұмыс істейді. Енді олар дамымағанда, кімдер дамиды?
– «Болашақ» бағдарламасының отандық ғылымның дамуына ықпалы өте зор. Бәлкім көбі нәтижені бірден көрмегендіктен келіспес. Бірақ инвестицияның ең кереметі әрі әсерлісі – білім. Бұл ертелі-кеш еселеп елге қайтады. Өйткені «Болашақпен» әке-көкесіне сенгендер емес, біліміне, еңбекқорлығына, қабілетіне иек артқандар ғана оқып, бітіре алады. Олар елге оралғанда әйтеуір бір, мейлі кішкентай болса да өзгеріс пен жаңалық әкеледі. Енді сондай ізденімпаз, еңбексүйгіш жас ғалымдар келсе, қалай болады? 1-2 емес, жыл сайын 100-деп келсе ше? «Келіп жатыр ғой, нәтиже қайда?» дейтіндер бар. Әлемде күн сайын көптеген жаңа технологиялық, инновациялық жаңалық ашылады, бірақ біз соның бірен-саранын ғана білеміз. Ал соның артында қаншама еңбек пен ғалымдар бар. Кейбірі ғылыми жаңалықты ашу үшін өмір бойы ізденіп келе жатқан болуы да мүмкін. Сол секілді бізге де нәтижесі көрінбейтін шығар, алайда «Болашақ» – жас ғалымдарды, мықты зерттеушілерді даярлайтын инкубатор, – дейді Е.Бердібаев.
Біз кейіпкерімізден ІТ саласын ғылыми тұрғыдан дамыту жолдары жөнінде де сұрағанбыз. Оның ойынша, ІТ саласы ғылым ретінде дамуы үшін ІТ білім орталықтарын көбейту керек. Бізде мұндай орталықтар бар, бірақ саннан сапаға көшуі тиіс. Жалпы кез келген ғылым (медицина бола ма, әлде ауыл шаруашылығы) дамуының 3 сатысы бар. Біріншісі – университет көлемінде, яғни базасында ғылыми орталықтары мен институттары бар зерттеу бағытындағы оқу орны. Екіншіден, университетте даярланған мамандардың баратын, зерттеу жұмыстарын жүргізетін жері болуы қажет. Ал одан кейін сол зерттеу нәтижесін көрсететін өндіріс орындары (зауыт-фабрикалар, шаруа қожалықтары, т.б.) керек.
– Енді бірінші саты бойынша тек ІТ саласына келейін. Елімізде Алматы мен елордада ғана ІТ жақсы дамыған. Неге? Себебі мұнда жақсы университеттермен қатар білікті ұстаздар бар. Олар мықты маман даярлайды. Ал сол мамандар үйренген қалада қалып қояды. Сондықтан әр қалада сондай ІТ университеттер ашу керек. Оқу орны ашылды делік, енді кадр мәселесі туады. Егер олардың жағдайын жақсартса, сол қаладағы мамандар да, «Болашақ» түлектері де, ірі қалаларда жүргендер де жұмыстан бас тартпайды. Негізі ІТ саласын ғылыми тұрғыда дамытуды қолға алсақ, басқа салаға қарағанда нәтижені тезірек көре аламыз. Мәселен, 2021 жылы білгеніммен бөлісем деп шешіп, You Tube арнасынан «Үздік білім» деген канал аштым. ІТ біліктілікті арттырып, бағдарламалауды үйретейін дедім. Барлығы ақысыз, тегін болды. Және қарапайым қазақ тілінде түсіндірдім. Контент мектеп мұғалімдері мен оқушыларға арналды. Қаңтар айында әр жексенбі сайын 1,5-2 сағат сабақ өттім. Ақпан айында өткен пәндік олимпиадада сабағыма қатысқандардың көбі жүлделі орын алып, келесі кезеңдерге өтті. Қатысушылардан, ұстаздарынан, ата-аналарынан алғыс хаттар келді. ІТ саласын қысқа мерзімде дамытуға болатынын осыдан түсіндім. Ал ІТ саласы дамыса, ІТ ғылымы да дамиды, – дейді Е.Бердібаев.
15 мемлекет ғалымдарының ішіндегі үздігі
Назгүл Айдарбекқызы 2005-2012 жылдар аралығында Ресейдің И.Сеченов атындағы Бірінші Мәскеу мемлекеттік медицина университетінде «Болашақ» бағдарламасымен білім алған. Ол мұнда жалпы медицина бойынша бакалавриатты, содан соң «Онкология» мамандығымен интернатураны бітірді. Оқуын тәмамдап елге оралған соң Онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтына жұмысқа орналасты. Осы қызметінде кейіпкеріміз көптеген ғылыми жұмысты жүргізді. Бұл оның ғылыми әлеуетін арттыруға септігін тигізді.
– Мен Онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтында жұмыс істей жүріп резидентураны оқып, ғылыми жұмыстармен айналыстым. Ғылыми зерттеулер жүргізумен қатар докторантураны оқыдым. Қазір ғылыми дәрежемді қорғауға дайындалып жүрмін. Осы уақыт аралығында Білім және ғылым министрлігінің, Денсаулық сақтау министрлігінің ғылыми жобаларды қаржыландыруға байланысты өткізетін конкурстарына қатысып, гранттар жеңіп алдық. Ғалым ғылыми зерттеу тақырыбын таңдарда «елге бір пайдасы тисе, қандай да бір түйткілдің түйіні тарқатылса, өзекті мәселенің шешімі табылса» деген ойда болады ғой. Мен де сондай мақсатта Қазақстанда сүт безі қатерлі ісігінің күннен-күнге «жасарып» бара жатқанына не себеп болғанын зерттеп білуді жөн көрдім. Осылайша «Қазақстандық жас әйелдердегі сүт безі қатерлі ісігінің дамуына генетикалық зерттеулердің рөлі» тақырыбында ұзақ ізденіп ғылыми диссертациямды жаздым. Дүниежүзілік статистика бойынша дәл осы сүт безі қатерлі ісігі ең қауіпті аурулардың қатарына жатады. Омырау сыртқы орган болғанымен, сүт безінің қатерлі ісігі – ауыр дерт. Сондықтан осы бір қауіптің алдын алуға үлес қосқым келді, – дейді кейіпкеріміз.
Аталған ауруға шалдыққан жас әйелдерден қан алып, адам ДНҚ-сын терең талдап, жан-жақты оқып беретін аппаратқа салып тексеріпті. Бұл – өте күрделі зерттеу. Сол себепті зерттеуге Алматыдағы Генетика және жалпы цитология ғылыми зерттеу институты мен С.Асфендияров атындағы ұлттық медициналық университеттің ең мықты мамандары жұмылдырылған. Нәтижесінде, қазақ әйелдерінде сүт безі қатерлі ісігінің жаңа, яғни дүние жүзінде кездеспеген мутуациялары табылыпты. Сондай-ақ Н.Айдарбекқызы бастаған ғалымдар тобы «Дүние жүзіне белгілі мутуациялар қазақ әйелдеріне сәйкес келмейді» деген гипотезаны бұзды. Өйткені қазақ әйелдерінде әлемге кең тараған мутуациялар да кездескен.
– Біз мұны табумен шектелмей, енді жаңа мутуацияға скрининг өтуді іске асырмақпыз. Отандық скрининг жүйесі дүние жүзіндегі ең мықтылардың қатарына жатады. 2008 жылдан бастап Қазақстанда сүт безі қатерлі ісігіне скрининг жасалады. Бұл – үлкен жетістік. Әлемдегі барлық мемлекетте мұндай мүмкіндік жоқ. Және 40-70 жас аралығындағы әйелдерге маммографияға түсу тегін. Ал біз жүргізген зерттеу нәтижесінде қолға алынып жатқан генетикалық терең талдау қатерлі ісікке шалдығу жағдайы жоғары адамдар тобына (отбасы мүшелерінің бірі, әсіресе ата-анасы, қандас бауырлары қатерлі ісікке шалдыққан жандар) арналған. Алдағы уақытта институттағы тәжірибемізді республика көлемінде таратуды көздеп отырмыз.
Елімізде медицина саласында осындай тың ғылыми зерттеулерді жүйелі жүргізуге мүмкіндік беретін институттар бар. Дегенмен отандық ғылымды бәсекеге қабілетті бола алатын деңгейге көтеру үшін көп қаражат керек. Шетелдердегі ғылымға бөлінетін қаржының көлеміне көз жүгіртсеңіз, біздің қаншалықты аз бөлетінімізді түсінесіз. Ғылыми жобаларды қаржыландыруға ішкі жалпы өнімнің 3-4 пайызын бөлетін елдер бар, Қазақстанда бұл көрсеткіш 1 пайыздың жартысына да жетпейді. Содан соң ғылымға қаражат қарастырудағы көзқарасқа да өзгеріс керек секілді. Мәселен, АҚШ, Еуропа елдерінде зерттеу қорытындысы күткендей нәтиже бермесе де қаржыландырылады. Неге? Өйткені оларда «Күтпеген немесе нашар, болмаса теріс нәтиже де – нәтиже» деген ұстаным бар, ғылымға деген осындай көзқарас қалыптасқан. Неге ғылымның дамуы қаржыға келіп тіреледі? Себебі кейбір күрделі зерттеулерді жүргізуге өте қымбат құрал-жабдықтар қажет. Кейбір зертханалық жұмысқа бірнеше млн теңгелік аппарат керек болады, оның жоқтығы қол байлайды. Сондай кедергілерге қарамастан медицина ғылымы дамып келеді, саладағы ғалымдар отандық ғылымның әлеуетін арттыруға өлшеусіз үлес қосып жүр, – дейді онколог-ғалым.
Оның айтуынша, нақты нәтиже де жоқ емес. Айталық, екі жылда бір рет ТМД елдері бойынша онкологтарға арналған халықаралық конференциялар болып тұрады. Сол конференцияда «Жас ғалымдар конкурсы» деген жақсы сессиясы бар. Ғылыми жетекшілер мықты профессорлар, үлкен тұлғалар болғанымен, нағыз жұмысты атқарып, ғылымды жасайтын – жастар. 15 мемлекеттің онкология саласында зерттеулер жүргізіп жүрген жас ғалымдары ішінде отандастарымыз үнемі жүлдемен оралады. Бұл – мақтануға тұрарлық жетістік. 2020 жылы ұйымдастырылған осы конкурста кейіпкеріміздің зерттеу жұмысы «Ең үздік ғылыми жоба» атанды.
– «Болашақ» бағдарламасының елге қажет екені дәлелденді. Осы бағдарламамен шетелдерде оқыған жастардың басым бөлігі елге оралғанда жүйенің қай жерде ақауы барын біліп келді. Мен түлектердің көбін, әсіресе өзім секілді 5 жылдық жұмыспен өтеу талабын әлдеқашан орындап қойған замандастарым шетелдерге кетіп қалған шығар деп ойлайтынмын. Жақында «Болашақ» түлектерінің кездесуі болды. Сонда көргендердің бәрі Қазақстанда қызмет етіп жүр екен. Және барлығы қандай да бір жетістікке жетіп үлгерген, басшылық қызметте отыр, әйтеуір елге бір пайдасын тигізіп, өзгеріс әкелген, – дейді Н.Айдарбекқызы.
P.S. Кейіпкерлеріміздің әрбір сөзінен, ойынан, әрекетінен, қолға алған ісінен, тіпті болашақтағы жоспар-мақсатынан «Елге қайтсем пайдалы боламын?» деген ізденісте жүретінін айқын аңғаруға болады. Олар – сөзсіз «Болашақ» бағдарламасының ғана емес, келешек Қазақстанның, болашақтың ғалымдары. Біз материалымызда «Болашақ» бағдарламасы түлектерінің тек екеуімен таныстырдық, енді ойлаңызшы, дәл осындай жалынды жастардың жүздегені бір салада жүрсе, зерттеулер негізінде қатып қалған жүйелерді түп-тамырымен өзгертіп, дамытса, еліміз қоса дамымай ма? Білім мен ғылымға салынған инвестицияның өлшеусіз қайтарымы да осы шығар. Мұнда бір ғана мәселе бар: «Бізде пайда болған «ақыл-ойдың кенін», иә сол «Болашақ» түлектерінің әлеуетін қаншалықты пайдалана алып отырмыз?» деген сұрақ. Бұл – бірақ бөлек әңгіме.
egemen.kz