Сұхбаттар
«Жауапкершілікті сезінсек көп дүниені жасауға болады»

«Жауапкершілікті сезінсек көп дүниені жасауға болады»

Жауапкершілікті сезінсек көп дүниені жасауға болады

Қазіргі таңда, Қазақстанда жастарды тәрбиелеп қана қоймай, қоғамдағы өзекті мәселелерді ашық көтеретін алаңдар баршылық. Алайда, солардың ішінде ең беделдісі – «Жайдарман» алаңы. Осыған орай, Eljastary.kz сайты жастардың өмірлік көзқарасы мен мәдениет саласы жөнінде Қазақстан КВН Одағының президенті Есен Елеукенмен әңгіме жүргізді.

Қайырлы күн, Есен Баймұханбетұлы! Бізге уақытыңызды бөліп, сұхбат беруге келіскеніңіз үшін алғыс білдіреміз! Сіз қызметіңіздің ықпалымен жастармен тығыз қарым-қатынастасыз. Қазіргі жастарды қалай сипаттар едіңіз?

Жалпы біздің қозғалысқа 20 жыл болды. Бастапқы кезеңде бұл тек ойын ретінде қарастырылды, кейін, уақыт өте келе үлкен жобаға айналды.

Біздің кезімізде құндылықтар басқаша болды. Жалпы қоғам құндылықтары біраз уақыт салып, өзгеріп тұратыны анық қой. Ал қазіргі жаңалық, ақпарат заманында бұл процесс әлдеқайда тез жүзеге асып, жастар небір мәдениеттерді өз бойына сіңіріп жатады. бұл жақсы ма, жаман ба, білмеймін.  Әр заман жастарының жүз пайызы болмаса да, біразының өмірге деген көзқарасы, жалпы талпынысы өзгереді.

Жайдарман ойнайтын жастардың басым бөлігі ауылдан шыққан, қазақ тілді жастар. Қазіргі жастардың басым көпшілігі іздемпаз, бірақ арасында масылдыққа берілгендері де аз емес.

Осы жастарға тек қана сахнада емес, сондай-ақ өмірде де дұрыс бағыт-бағдар беруге тырысамыз. Шабыттанып келген жастардың кейбіреулері осы жолда қалады, кейбіреулері өз мамандығы бойынша кетеді.

Осыдан 4-5 жыл бұрын біз өзімізге нақты тапсырмалар қойып, жоспар қабылдадық. Әр филиал өзінің жұмыс жоспарын бекітеді. Аталған жоспар үш бағыттан тұрады. Бірінші бағыт – қоғаммен байланыс орнату. Бұл бағыт бойынша кездесулер, спорттық іс-шаралар және ойындар өткізіледі.

Осылайша, жастар өзара қарым-қатынасқа түсетін дұрыс орта қалыптасады. Кез-келген ата-ана балаларының жақсы ортада болғанын қалайды ғой. Өкінішке орай, қазіргі таңда  осындай орталар жетіспей жатады.

Бұрын тек қана жақсы білім алсаң, жақсы оқысаң, үлгілі болсаң оқуға түсесің, жақсы жұмыс табасың деген қағида болатын. Ал қазір көбінесе қабілетке қарайды. Әрине, білім керек, білім әр адам баласы үшін керек. Бірақ, қазіргі кездің табысты адамының бойында ұйымдастырушылық, тіл табысу қабілеті міндетті түрде болуы керек. Ал бұл қабілеттер осындай ортада қалыптасады. Ондай жандар үнемі бір біріне көмек қолын созып жүреді.

Екінші бағыт – әлеуметтік желідегі сауаттылық. «Таяқтың екі ұшы бар» демекші әлеуметтік желілер үлкен мүмкіндіктердің, сонымен қатар қатерлердің көзі. Ақпараттың оң солын айыра білу, қажетті ақпаратты таба білу аса маңызды мәселе.

Сондай-ақ, мен жастарға «Егер әлеуметтік желіде акаунтың болса, осы бастан онда дұрыс дүние жаазуды, дұрыс сурет жариялауды, дұрыс ақпаратпен бөлісуді үйреніңдер»-деп жиі айтамын. Жалпы әлеуметтік желідегі сауаттылықтың пайдасы зор.

Үшінші бағыт – интелектуалдық ойындар. Бұндай ойындар әсіресе Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларында жақсы дамыған. Бұл адамды жан жақтылыққа, жауапкершілікке, білімге тартады.

«Жайдарманда» жастар қоғаммен байланыс орнатуды үйреніп, әлеуметтік желідегі сауаттылықтарын арттырып, интеллектуалдық деңгейін көтереді және әртүрлі семинарларға қатысып, өздерінің кәсіби шеберлігін жоғарылатады. Кейін, бұл жастарт  «Жайдарманнан» басқа салаға кеткен кезде, олар мемлекетшіл, кез-келген ортаға бейімделе алатын, өз нанын өзі табатын, әлеуметтік желіде сауатты, ой-өрісі дамыған тұлға ретінде барады. Біздің басты миссиямыз – қоғамға қажетті азаматты тәрбиелеу.

Бізге келген 10 баланың 3-4 осы саланы алып кетіп, ал қалғандары алғышарттарды біліп кеткені – біздің жұмысымыздың нәтижесі.

Қазіргі уақытта, әзіл-сықақ саласында өнер көрсетіп, кино шығарып, шығармашылық жобаларды жүзеге асырып жүргендердің көпшілігі «Жайдарманнан» шыққан жігіттер мен қыздар. Басында оларды саусақпен санар едік, қазір жыл сайын көбейіп келе жатыр. Бұл бізді қуантады.

Оларға өз істерінде табысқа жету үшін қандай ақыл бересіз?

Жастарға айтар ақылым – кінәні біреуден көрмеңіздер, кінәні өзіңізден іздеңіздер, жан-жақты және позитивті болыңыздар.

Жалпы әзіл қиыншылықтан туындайды. Жағдайы жақсы, қағанағы қарқ, сағанағы сарқ жігіттер мен қыздардың әзіл шығарып, оны ойнауға уақыты жоқ. Әзіл қиындық көрген адамның одан әрі түңілмеуі үшін септігін тигізеді.

Біз жастарды тәрбиелегенде біреудің асырауында болуға үйретпеуіміз керек. «Балық берме, қармақ бер» демекші, оларды дербестікке үйретуіміз қажет. Мемлекеттің де алдына қойып отырған мақсаты осы. Бірақ, бұл мәселеде басты рөлді қоғамдық ұйымдар атқарады.

Кейде маған балалар жұмыс сұрап келіп жатады. Бірақ, олар оқуын кеше ғана бітіргеніне немесе әлі оқып жатқанына, тәжірибесінің жоқтығына қарамастан, үлкен сомадағы еңбекақы сұрайды. Бірден шалқып кеткісі келеді. Олай болмайды, барлығын көру керек, барлық кезеңнен өту қажет. Бұны мен өзімнің тәжірибиемнен алып отырмын. Мысалы, мені қазір кез-келген салаға жіберсе де, жұмыс жасай аламын. Өз өзіме сенімдімін және балаларыма да, жастарға да осыны үйретемін.


«Жайдарман» талантты жастарды айқындауға үлкен мүмкіндік беретіні анық. Оған қатысушылар қалай іріктеледі?

Біз ешкімге шектеу қоймаймыз. Бізде 30-ға жуық филиал мен өкілдіктер бар. Олардың көбісімен облыстық, қалалық, аудандық деңгейде, әріптестік келісім-шартқа отырдық. Жастар аудандық, қалалық чемпионаттан іріктеліп, облыстық чемпионатқа барады. Одан іріктеліп, республикалық чемпионатқа келеді. Өздеріне нақты мақсат қойған жастар жетістікке жете алады.

Ал, бір ойынға шығып, екі ойынға шығып, сәтсіздіктерінің себебін өзгедерден  іздейтіндер де бар. Әрине, кейбір кезде әділ қазылардың шешімі ойлағандарындай болмауы мүмкін. Алайда, оған мойымай, алға жылжу керек.

Жастардың барлығы сахнада керемет ойнай алмаса да, бірі ұйымдастырушы, бірі автор, енді бірі әкімгер қызметіне бейім келуі мүмкін.

«Қазақстан КВН одағының» жүйесі қалыптасқан.  Болашақта мен кетіп жатсам, орныма келген адам еш қиындықсыз жұмысты жалғастыра береді.

Таланттары «Жайдарманда» анықталған жастар бұл жобадан кейін немен айналысып жүр? Олармен байланыс жасап, қолдау көрсетіп тұрасыздар ма?

Ең соңғы межесі жоғары лиганың чемпионы ғой. Сол уақытта жастар өздерінің оқуларын аяқтайтын кез. Біреулері оқуынан кейін 2-3 жыл жүреді, біреулері жұмыстарынан тыс уақытта ойнайды. Бірақ, біз оларды әрқашан қанатымызға алып жүрмейміз. Себебі бұл қан сияқты айналып тұрады, жаңа командалар келеді.

Түлектер кездесуі сияқты әртүрлі арнайы жобалар жасаймыз. Жақсы нәтижеге жеткендерді телевизиялық жобаларға шақыра бастаймыз. Ал енді басым көпшілігі, яғни 80-90 пайызы университетте, оқу орталығының мамандығы бойынша жұмысына кетеді немесе бизнеске кетеді.

Бағана мен әңгімеміздің басында айтып өткендей, біздің ең басты мақсат – отаншыл, елге қажет, кез-келген ортада өзінің орнын таба білетін жастарды тәрбиелеу. Біз жұлдыздарды дайындамаймыз, ол жоспарда да жоқ.

Негізі «Жайдарман» бұл жастықты ұзартатын ойын. Мысалы, ойнайтын 16-20 жас аралығындағы балалар өздерінің қатарластарымен салыстырғанда ойлары шамалы жоғарырақ болады.

Ал 25-30 жасқа жақындаған кезде олардың ойлары жастармен де қатарлас болады, ал оның құрдастары отбасы құрып, олардың ойы басқа болып кетуі мүмкін.

Менің өзім 50 жасқа жақындап қалдым. Әлі күнге дейін жастардың ортасында жүргендіктен, заманауи тақырыптар, жастардың ұстанымдары маған қызығырақ.

«Жайдарман» жобасы халықтың көңілінен шыққан Қазақстандағы танымал жобалардың бірі. Осы жобаны одан әрі дамыту, әйгілі ету бойынша жоспарларыңыз бар ма? Бар болса қандай бағытта?

Жыл сайын эксперименттер жасаймыз, жыл сайын бағыт өзгертеміз. Мысалы, осыдан 15 жыл бұрын сахнаға үш банер іліп, өткізе беретінбіз. Қазір олай емес. Барлығын безендіріп, жоғары деңгейде жасауымыз қажет. Өйткені сахнаға шыққан адам,  жауапкершілікті сезінуі тиіс.

«Жайдарманға» келгенде бірінші кезекте қызығушылық туады. Екінші кезең мақсат қоя білу керек. Яғни, ауданның чемпионы боламын немесе облыстың чемпионы боламын, немесе одан да жоғары деген мақсат қою керек. Мақсаты жоқтар 4-5 рет микрофон ұстап, тойға шығып кетеді немесе басқа жобаға кетеді. Өз туған ауылы, тұрған ауданы, оқу орны үшін намысқа тырысып, солардың абыройын түсірмеу қажет. Ең соңғы кезең бұл жуапкершілік. Жауапкершілік тек қана «Жайдарманда» ғана емес, қандай да бір істе қажет қасиет. Біздегі көбінесе жетпей жататыны осы жауапкершілік.  Мұғалім өзінің оқытып жатқан балаларының, медицина қызметкері өзі емдеп жатқан науқасының алдынағы жауапкершілікті сезінсе, қоғам баяғыда гүлденіп кетер еді.

Мәдениет кез-келген адамға күліп қарап сөйлеу. Мысалы, Еуропаға, басқа жерге барсаң, бірдеңе сұрасаң кәдімгідей саған күліп жауап береді, ал бізде бажырайып қарап өте береді. Сондықтан да, мәдениет қалыптастыру қажет. Мәдениет тек қана ойында немесе сахнада ән салу емес, сөйлесу мәдениеті болады, қарым-қатынас мәдениеті, көлікті жүргізудің де, спорттың да өзіндік мәдениеті болады. Өзін-өзі ұстау деген бар. Кейбір кезде эмоцияға беріліп жатады. Осылардың бәрін қалыптастыратын болса бізде мүмкіндік өте көп. Тек қана жердің астындағы байлық емес, ең басты байлық ол елдің капиталы. Сондықтан да, осы байлықты мәдениетке, тәртіпке салып реттесе. Жылулық бар ғой жоқ емес, бірақ дегенмен әлі де жақсы болғанын қалаймыз.

Өтіп кеткен Жастар жылының аясында атқарылған жұмыстарды қорытындылап жіберсеңіз және келген жаңа 2020 жылда жастарға қандай тілек айтасыз?

Бізде жастар жылы дегенен кейін барлығына жағдай жасап береді деген ой қалыптасты. Ол дұрыс емес. Қазір мысалы, Нұр-Сұлтан қаласында мыңнан астам пәтер берілді, бұл өте тамаша! Бірақ, мұнымен тоқтап қалмай, жұмыс жалғасын табу керек. Біздің өзімізге де қолдау жасалды, біз біраз нәрсемізді түгендеп алдық. Көпшілігіне мүмкіндік бердік. Негізі мынадай сөз бар ғой, «Ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ер қайдан болсын». Біз бұл елде квартирант емеспіз ғой, отырған орныңды, жататын жеріңді, үйіңді таза ұстап отырасың ғой? Сол секілді, елге де сондай көзқарас болу керек. Ол бір ғана жылмен шектеліп қалмайды. Біраз жақсы дүниелер болды, көңілден шықпай қалған дүниелер де болды, оны жасырмаймын. Сондықтан, бізде әртүрлі әзділдер де болды. Бірақ, ең бастысы, осы Жастар жылы деп Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі, Нұр-Отан партиясының қолдауымен келер жылы Жастар сарайын бізге тегін беріп отыр. Бұл бізге үлкен сыйлық болды.

Биылғы жылы елден көшіп жатқан, елден көшсек ана жақта бір күшті болып кетеміз деп ойлайтын жастар легі пайда болды. Былайша, нақты күшті, 100 пайыз білікті маман болсаң ғана, ол жақта сені қабылдайды. Әйтпесе, екі қолдың жұмысын жасайтын болсаң, ондай жұмыс бізде де жетеді. Сондықтан да, ол энергияны басқа жұмыстарға жұмсағанша, сол уақыт аралығында елдің қалыптасуына атсалысу дұрыс шығар. Сол себепті де, жауапкершілікті сезінсек көп дүниені жасай аламыз. Соған барлық жастарды шақырамын.

Сұхбатыңызға көп рақмет!

Әңгімелескен Бақытжанов Ерасыл


10.01.2020 2066

Возврат к списку