Сұхбаттар
Ақсұлтан Қалиев: "Қазақша контент сұранысқа ие"

Ақсұлтан Қалиев: "Қазақша контент сұранысқа ие"

Ақсұлтан Қалиев: "Қазақша контент сұранысқа ие"

Қазіргі кезде қазақстандықтардың басты бөлігі телефонға телміріп, әлеуметтік желілер арқылы ақпарат алып жатады. Соның ішінде жастар арасында Instagram-ға және вайнерлерге деген қызығушылық өте зор. «ХАХА Show» жобасының бас директоры, видеоблогер Ақсұлтан Қалиев eljastary.kz тілшісіне айрықша сұхбат берді. Вайнер сапалы контент құпиясын жайып салды.

-Ғаламтор кеңісітігінде қазақша контент аса сұранысқа ие болмағанына қарамастан, қазақ тілінде вайн түсіру идеясы қалай туындады?

-Менің ойымша, сұраныс аз емес, керісінше ұсыныстан асып жатқан сияқты. Сондықтан да болар, қазақ тілін сапасыз ұсынатын блогерлер көбейіп кетті, тіпті медиа деградация деуге болады. Біз бастаған кезде, 2015 жылы «қазақ видеоблогеры», «қазақ вайнерлері» деген ұғым болған жоқ. Біздің миссиямыз: жастар арасындағы қазақ тілінің деңгейін көтеру, қазақша контентті көбейту. Шыны керек, бертінгі кезге дейін, қазақша сөйлеп, орыс тілге шорқақ азаматтар белгілі бір қысымға ұшырайтын.

Айтарлықтай, қиындықтар болды деп айта алмаймын. Контент жасап, қысқа мерзімде үлкен аудитория жинадық. Қазіргі кезде, хобби кезінен өтіп, кәсіби деңгейге жеткенде, алдымызда қаржыландыру моделін таңдау сияқты жаңа өзекті мақсаттар тұр.


-Бүгінгі күні Интернет кеңістігінде, атап айтқанда, Қазнетте вайнерлердің саны  жетерлік. Сіздің «ХаХа Шоу» жобасының басқаларға қарағанда ерекшелігі неде деп ойлайсыз?

-Ең басты ерекшелік, менің ойымша, алғаш меңгергендердің қатарында болғанымызда. Біз Қазақстандағы видеоблогингтің неолит, палеолит кезінен түсіреміз (күлді). Бұл салада тек пайда табу үшін емес, жобамызды болашақта үлкен масштабта болғанын қалаймыз. Біздің команда аталмыш сфераны жетілдіргісі келеді, себебі адамдар күніне әлеуметтік желілерде уақытын шамамен 4-5 сағат өткізеді. Сондықтан да, оларға ұсынылатын контент жоғары деңгейде болғаны дұрыс. TV-да алған тәжірибеге байланысты болар, контентке үлкен мән беремін және сондай кеңес беремін.Тағы бір ерекшелікті айта кетсек, біздің контентті толыққанды түсіну үшін жан-жақты болуы керек. Мысалы, Илон Маск, Уолт Дисней сияқты тұлғаларды білуі қажет.

-Әріптестеріңіз көбінесе шығармашылыққа жақындарын қатыстырып жатады. Мысалы, Zheka Fatbelly анасымен әзілдеседі, Н.Сабуров - әйелімен, ал Yuframe-ге бүкіл отбасысымен қатысады. Бұған қатысты көзқарасыңыз қандай?

-Менің туыстарымның көбісі Семейде болғандықтан, өкінішке орай, көп жағдайда қатыса алмайды. Дегенмен, жобаларыма, вайндарыма жақындарымды тартуға тырысамын.

Әйелім медиалық адам емес. Біз үйленер кезде оның Instagram парақшасына 500 мың адам кірген кезде, ол үшін бұл жағдай кішігірім шок болды. Нәтижесінде, оны өшіріп тастаған болатын. Келесі жолы профиль ашқан кезде 30 мың фолловер жинағаннан кейін, өзі аса бір эмоционалды адам болмағандықтан, аудитория жағынан белгілі бір «хейт»  келе бастады. Сондықтан өзінің Instagram-парақшасын қайтадан өшіріп тастады.

Әке болған кезде баламен белгілі бір контент істеймін деген үміттемін. Жоспарымда ата-анамды түсіру әзірше жоқ. Олар дәрігер мамандығының иесі болғанына қарамастан, шығармашылыққа да уақыт табады: үй ішінде домбырада ойнап, ән айтады. Қысқаша айтқанда, сегіз қырлы – бір сырлы, өз салаларында жетік мамандар. Оған қоса, өздерінің коммерциялық инстаграм парақшалары бар. Әрине, алдағы уақытта іні-қарындастарымда қызығушылықтары туындаса, продюссер болатын шығармын.


- Кезекті вайн үшін тақырыпты қалай ойлап табасыз? Жастар арасында қандай өзекті мәселелерді қозғайсыз?

-Белгілі бір идеяларды ойлап тауып, оны ақылға салып, жетілдіріп, қағаз бетіне түсіреміз. Түсірілім кезінде әртүрлі себептермен уақыт жоғалтпау үшін, қағаз бетінен айнытпай түсіреміз: актерлер өз сөзін жаттайды, видеограф монтажды да сәйкесінше істейді. Мысалы, Жанқожамен  сөйлесу үстінде «мені сағынып кеттің бе, не?!» деген кезде достық махаббат деген идея туындайды. Бес жыл айналыса келе, тәжірибе жинадық: бірден қайсы видео көрерменге ұнайтынын, ал қайсы керісінше «хейтке» айналатынын білдік.

Заңғарда Нұр-Сұлтан қаласындағы сапасы төмен ауруханалар туралы әлеуметтік ролик түсірмек ойда, жалпы алғанда қай жаққа қарасаң да, проблемаларға толы деп ойлаймын. Бүгінге күнге дейін біз экологиялық, білім беру жүйесіндегі проблемаларға арнап видеоролик түсірдік. Бұдан бөлек, өзіміздің жеке блогтарымызда түрлі мәселелерді көтереміз.

-Instagram-да вайндармен жұмыс жасаудың тележобаларға қарағанда айырмашылығы неде?

- Менің ойымша, екі басты айырмашылық бар. Біріншіден, теледидар саласында бір ролик түсіру қаншама уақыт алады. Басты бөлігі техникалық процесстерге байланысты: ол видеоны өндеу, түрлі редакторлық түзетулер т.б. Бұның барлығын орындағанша, шығармашылық ақсап қалады. Екіншіден, ата-анам үшін, Instagram қарағанда үлкен жетістік болып саналады.


-Өз командаңыз туралы айтып беріңізші. Кіммен қалай жұмыс істейсіз және міндеттерді қалай бөлесіз?

- Менің серіктесім Заңғар. Әрқайсымыз белгілі бір рөлдерді сомдаймыз. Бұдан бөлек Заңғар түсірілімге қатысты мәселерді шешеді. Команданың жаңа мүшесі, кастинг арқылы келген актер-сценарист, 18 жасар Жанқожа бар. Бұдан бөлек, 26 адам бізде тәжірибе жинап жатуда, видеограф, IT-маманы, маркетолог бар. Актерлерді кәсіби біліміне қарап алмаймыз, бастысы қабілеттері болса жеткілікті. Командамыз әлі де құрастырылу үстінде.


Әңгімелескен Темірлан Төлеу,
Сурет Жәмиля Мұрзабекованікі және Ақсұлтан Қалиевтың жеке Instagram парақшасынан алынды
18.11.2019 2008

Возврат к списку