Сұхбаттар
Еңілік Айымғазы: "Бала арманынан үлкен сахнаға дейін"

Еңілік Айымғазы: "Бала арманынан үлкен сахнаға дейін"

Еңілік Айымғазы: "Бала арманынан үлкен сахнаға дейін"

Жастар қауымы үшін 2019 жыл жақсылыққа толы. Түрлі  мамандықтар иесі болғанына қарамастан, жас қазақстандықтар бір болып,еліміздің өркендеуіне өз үлесін қосып жатыр. «Nomad City Hall» театрының актрисасы Еңілік Айымғазы Eljastary.kz-ке берген сұхбатында қазіргі жастар арасындағы өзекті мәселелерді көтерді.

-Қайырлы күн, Еңілік. Сұхбатқа келісім бергеніңіз үшін сізге алғыс білдіргіміз келеді. Ең басты сұрақ: актриса болу таңдауыңызға кім әсер етті, әлде бұл бала арманы болды ма?

-Өнерімді бағалап, мені талантты қазақстандықтардың қатарына қосқаныңыз үшін ризамын. Ия, дұрыс айтасыз, бұл-балалық арман болды. Мен 8-ші сыныпта оқып жүргенде, театр бөліміне оқуға қатты түскім келді. Алайда әке-шешем өнер адамдары болғандықтан маған рұқсат берген жоқ. Басында «жарайды» деп жүргенмін, өсе келе сахынаға деген махаббатым сыймай кетті де, 9-шы сыныпта әкемнен тығылып курстарға барып жүретінмін. Бір күні, әкем бір рет үйден сценарий тауып қойып, «сені ешқашан театр бөліміне оқуға түсуіне жол бермеймін, өйткені бұл қыз балаға лайықты мамандық емес» деп ұрысқан. Бірақ болмай, «Шабыттағы» брошюраны алып, кіріс емтихандарына дайындалып,  грантқа түстім. Содан кейін әкем өз рұқсатын берді.

Шыңында да, бала арманы болды, кейін мақсатқа ұласты. Себебі 9-шы сыныпта оқып жүргенде «Жастар» театрына барып, үлкен-үлкен спектакльдерді көре бастадым, сол жердегі актерлардың шеберлігін, әсіресе Дәурен Серғазин, Жандәулет Батай,Әділ Ахметов сияқты көргеннен кейін, одан сайын театрға деген махаббатым арта түсті.


-Әрбір салада жас маман үшін белгілі қиындықтар болады, өнер жолында сіз қандай қиындықтармен кездестіңіз?

-Менің ойымша, әр саланың сәтті бастамасы кәсіби жетекшілерге байланысты болады. Өз басым әлі күнге дейін 2 ұстазыма алғыс білдіремін. Олар: театр «әліппесін» үйреткен- Бейбіт Құсанбаев және бакалаврдағы жетекшім- Сайлау Қамиев.

Менің «өнер жолым» деп айтатындай деңгейге жеткен жоқпын. Осы Театр ашылғанына міне, бір жыл енді болады. Осы уақыт ішінде университеттегі 4 жылға қоса түсінгенім- қыз баланың театрдағы ғұмыры тез өтед екен. Мысалы, ер балаларға отызға дейін, қырыққа дейін, жалпы ойнай береді, «қырықта қамал алады жігіт» дейді ғой. Ал қыз балалардікі 25-26-дан кейін ақырындап сөне бастайды. Ары қарай орта жастағы рөлдерді сомдайды, мұғалім болады немесе өз бизнесін ашады. Жалпы алғанда, 18-19 жасар қыз балалардың бағы сахынада жиі жанады.

-Актер болғысы келетін балаларға қандай кеңестер бере аласыз?

-Тағы айтып кетейін, мен белгілі бір кеңес беретіндей деңгейге жетпеген шығармын. Дегенмен, өзімнен кіші іні-сіңілеріме айтатыным- егер де, театр сахнасын қатты сүймесеңіз, кейін өз саланыздың маманы бола алмайсыз. Ешкімге құпия емес  театр актерларының жалақысы аса үлкен емес. Бірақ, нағыз әртіс болу үшін ең бастысы өнерді сүю керек. Осындай кішкентай айлыққа жұмыс істеу үшін, шыңайы сүю қажет. Басқаша айтқанда, материалды құндылықтарды рухани құндылықтардан кейін қою қажет.


-Еңлік, сіз естіген боларсыз, 2019 жыл- Жастар жылы болып жарияланды. Осы орайда, қазіргі кезде жастардың дамыуы үшін Үкіметке қандай мәселелерге көңіл аудару қажет деп санайсыз?

-Елбасымыз Жолдауында айтқандай, осы жылы жастарға жаңа бағдармалар қабылданды. Сондықтан да, Қазақстанның болашағы қандай болатыны қазіргі сізбен, біз сияқты жастарға байланысты. Заман өзгереді, соған орай өзгерістерге бейімделе алатын жастар керек.

Қала жастары арасында жатақхана мен жалақы мәселелері өзекті болып келеді. Ал ауыл жайлы айтатын, ата-анасы жоқ немесе қаржы жетіспейтін, жалпы, түрлі жағдайдағы талантты жастар қаншама. Менің ойымша, ауылдағы жастарға ерекше көңіл бөлу керек. Менің айтпағым, бізде бар мүмкіндіктер оларда жоқ. Жастар жылында, соларға көбірек көңіл бөлінсе екен деймін.

-Қазақстандағы алғашқы комедия театрына қалай келдіңіз?

-Жалпы адамдардың санасында «Nomad» театры туралы дұрыс ой қалыптаспаған сияқты. Біз алғашқы рет ашылғанда «Nomad» комедия театры деп ашылды, бірақ шамамен 3 ай өте, «комедия» сөзі алып тасталынып, «Nomad» театры болды. Алдағы уақытта Әзірбайжан Мәмбетовтың аты беріледі деген үміттеміз. Комедия театрына келген жоқпын, барлығы ат үстінде орын алды. Өзім де бір кезде «өмір бойы комедия ойнаймын ба?» деп ойланып қалғанмын. Алайда, комедия оңай болып көрінгенімен, жанрлардың ең қиыны. Сен не дөп түсесің, не клоун боласын.


-Біздің елімізде «жастар театрға аса бір қызығушылығық танытпайды» деген пікір орын алуда. Сіздің ойыңызша, қазіргі театр сахнасы жастар үшін неге қызықты емес? Осы мәселені шешуде қандай шараларды қолға алу қажет деп ойлайсыз?

-Әрине, көпке топырақ шашуға болмайды. Керісінше, біздің репертуарда 7 спектакль болса, міне 8-ші «Қыз Жібек» жасалып жатыр. Осы 7 спектакль үстінде байқағаным, көрермен ішінде жастар көп. Енді біз Қазақстандағы ең жас театрмыз ғой. Жас болғандықтан, жастар жиі келеді.

Шыны керек, бірақ салыстырмалы түрде жастар жиі келмейді. Тура театрмен қызығатын жастар бар. Мысалы, ортақ қызушылық болмағандықтан, тек театрмен қызығатын, театралды өнерге түскісі келетін балалар келеді. Оның себебі, Интернет, Instagram, YouTube бар, оның қасында оларға театр қызықты емес.

Дегенмен, киноға қарағанда, театрдың ғұмыры ұзағырақ. Себебі, театрда «екінші дубль» деген ұғым жоқ, тек өнеріңді дәл қазір көрсете аласың, сен дәл қазір сахынады тудырасың, барынды көрсетесің. Киноға қарсы айтып жатқан жоқпын, бірақ кинода бірнеше мүмкіндік болады. Бірақ, мұны түсінетін жастар аз.

Екінші жағынан, кино, кинотеатр, YouTube, Instagram сияқты нәрселер қатты басыңды қатырмайды. Жастар түгіл, бесіктен белі шықпаған, тіпті үлкен буын адамдары телефоннан бас көтермейді. Демалудың бір түрі болып қалыптасты.  Ал, театрға келген кезде миінді азды-көпті қозғайды, жалпы алғанда, қазіргі кезде адамдар қиналуды жақтыртпайды. Көбінде демалғысы келеді, мысалы театрда бір «азық» алып, сонымен кем дегенде 2 апта ойланып жүресің. Оған қоса, алдағы болайын деп жатқан М.Мақатаевтің «Қош, махаббат» пьесасы драматургиялық жағынан ақсаса да, біз оны сахнада ауқымды қылып көрсетуге тырысамыз.


-Алдағы  жоспарларыңызбен бөлісе аласыз ба?

-Жоспарда киноға түсу ойым бар, бірақ ол қаншалықты асатынын білмеймін. Әзірше бұл тек қана арман. Жанр туралы айтатын болсам, мен жанр талғамаймын. Себебі «актер» аты айтып тұрғандай, не береді, соны ойнайсың. Дегенмен жаным жақын жанр-психологиялық драма.

Ал, нақты мақсатым: 5 жыл көлемінде осы театрда өз орнын ойып алып, маңызды актриса болғым келеді және «Дарын» сыйлығына ұсынылсам деймін.

Жастар жылы аясында, талантты жастарға мені қосып, сұхбат алғаныныңға рахмет!


-Сізге де үлкен рахмет, жоспарларыңыз орындалсын, сәттілік тілейміз.

Әңгімелескен Төлеу Темірлан
29.10.2019 2587

Возврат к списку