Сұхбаттар
Жүз жаңа есім: Алексей Лодочников

Жүз жаңа есім: Алексей Лодочников

Жүз жаңа есім: Алексей Лодочников

Қазақстанның беткеұстар азаматтарын халыққа таныстырған «100 жаңа есім» жобасы биыл бізді мақтан тұтарлық жаңа тұлғалармен қауыштырады. Есімдер тізімі жыл сайын ұлғайып отырса да, әр жоба жеңімпазының орны ерекше, себебі олардың әрқайсысы еліміздің дамуына бірегей үлесін қосып келеді. «Eljastary.kz» редакциясы оқырмандарына арнап бесаспап-домбырашы Александр Лодочниковпен сұхбат жүргізді. Қазақтың сары баласына айналған жас өнерпаз қазақ тілі мен жастар саясаты туралы ойымен бөлісті.

- Алексей, өзіңізді таныстырып өтсеңіз.

- Мен Павлодар облысының тумасымын. Ұлтым орыс болса да, қазақ тілін білемін және қазақтың қара домбырасымен дәстүрлі әндерді орындаймын. Менің «100 жаңа есім» жобасына іліккенімнің өзіндік бір тарихы бар. 2016 жылы Павлодар қаласында Елбасымен кездесу болды. Кездесуде мен Елбасы алдында сөз сөйлеп, Ақан серінің «Балқадиша» әнін орындадым. Елбасымызға әнді орындауым және менің тілді жетік меңгергенім ұнап, өте риза болды. Осы кездесуден кейін Астана қаласына шақырылып, бірнеше мерекеде, кештерде ән айттым.

- Әлбетте, өзіңнің жастайыңнан домбыра тартып, қазақтың күйін үйреніп, тілімізді еркін меңгергенің елеулі ерекшелік болды. Алайда,«100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы атануыңның себебі неде деп ойлайсың? 

- Негізгі ерекшелік – Қашыр балалар үйінің түлегі болғаным шығар. Қашыр балалар үйінде тәрбиеленген кезде Елбасымен кездестім. Менің ойымша, балалар үйінің түлегі болғаныммен, осы жолда тоқтап қалмай, одан сайын жұмыс жасауда деп адамдар ойлауы мүмкін.

- Былтыр Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы жарияланды. Қазіргі кезде көптеген шаралар жүзеге асып жатыр, соның бірі – біз сұхбаттасып отырған «Зерен» жазғы жастар білім беру лагері. Сенің ойынша мұндай шараларды өткізу қаншалықты маңызды? 

- Шынымды айтсам, қазір Павлодар облысында «Рухани жаңғыру» аясында өзімнің концерттерім өтіп жатыр. Лагердің ұйымдастырушылары хабарласқан кезде мен өте қуанып, мұнда келуді жөн көрдім. 
Республикалық жастар жазғы лагері жай ғана қаражат жұмсау емес, лагерде өз жобаларымен бөлісіп, оны әрі қарай дамыту мүмкіндігі. Бұл мысал елімізде болған көптеген лагерлерде қалыптасып, аяғына дейін іске асырылудың ерекше жағдайы. Өкінішке орай, бізде көбі жоғары жаққа есеп беру үшін жүргізіледі. Сондықтан жастар саласында ұйымдастырылып жатқан жобалар мен жоспарларды бір ретке келтіру маңызды деп ойлаймын. 

- Өзіңді табу үшін, іздену үшін жастарға қандай бағыт, кеңес бересің? Менің байқағаным – қазіргі жастар ұнататын ісімен айналыспайды, көбінесе біреудің айтқанымен жүреді. Кез келген адамның ішінде өзінің нақты жақсы көретін істері жатыр, бірақ ол оны жүзеге асыра алмайды. Сондықтан, қазірден бастап жастар өзінің жақсы көретін ісімен айналысуы керек. Ұнатпайтын іспен айналысса, одан ештеңе шықпайды. 
Өзім музыкалық колледжде оқимын. Бір жыл оқуым қалды. Бітіргеннен кейін жоғарғы оқу орнына түсемін. Алдағы жоспарда бағытымды ауыстырамын, өйткені қазір тек жалпы музыкамен айналысып жүрмін. Музыканың ішінде де көптеген салалар бар. Мысалы, сольфеджио, теория және т.б. Бұл пәндер кей жағынан маған ұнамайды. Көңіліме көбінесе өзімнің авторлық әндерімді жазып, халық алдында орындау жақын. Колледжде ондай мүмкіндік жоқ, тек оқу керек. Менің арманым – «Шабыт» өнер академиясына түсіп, өзімнің жақсы көретін ісіммен айналысу. 

- Іске сәт! Алексей, сен домбырамен эстрадалық әндерді орындайсың. Ал, мәдени салада жаңа бағыт ашатын алдағы уақытқа жоспарларың бар ма? 

- Көбінесе домбырамен дәстүрлі әндерді орындаймын. Бұл – менің мамандығым. Ал қазір мен өзімді эстрада жағынан сынап жүрмін, өйткені елімізде эстрада трендке айналды. Қазіргі таңда ән айтатындардың барлығы экран алдына шығады. Мен де артта қалмай, эстрада жанрына домбыраны шығарамын деген ойдамын. 

- Алексей, саған көп рақмет! Осы қазақтың қара домбырасын жастар арасында насихаттап, биік белестерді бағындыруыңа тілектеспіз!

Автор: Айдар Хамит
09.11.2018 1373

Возврат к списку