Сұхбаттар
Президент NEЕT-жастардың келешегіне алаңдап отыр – зерттеуші

Президент NEЕT-жастардың келешегіне алаңдап отыр – зерттеуші

Президент NEЕT-жастардың келешегіне алаңдап отыр – зерттеуші

Президент өз Жолдауында NEЕT-жастардың келешегіне алаңдайтынын білдіріп, мәселені шешудің жолдарын нұсқады. «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Аян Сакошев ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында осындай ой айтты.

«Мемлекет басшысы Жолдауында NEЕT санатындағы жастардың мәселесіне назар аудару керектігін атап өтті. Яғни, не жұмыс істемейтін, не оқу оқымайтын, өз бетімен қалған жастарға көңіл бөлінеді деген сөз. Еліміз бойынша бұл санатқа жататын жастардың үлесі 2021 жылдың бірінші жартысында 6,7 пайызға жеткен. Сонда шамамен 230 мыңнан астам жас азамат не жұмыссыз, не білімсіз қалып отыр деген сөз. Осы мәселені шешудің жолы ретінде Президент кәсіптік біліммен тегін қамту мәселесі әлі өзекті екенін айтты.

Біздің орталық ұйымдастырып жатқан зерттеулердің дерегіне сүйенсек, жастардың 40 пайызы өз мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Сондықтан, Жолдауды жүзеге асыру үшін гранттарды бөлу кезінде жұмыспен қамтылу деңгейі жоғары колледждерге басымдық беру керек деп ойлаймыз», - дейді орталық директоры.

Сарапшы соңғы бірнеше жылда мемлекет тарабынан педагогтердің мәртебесін арттыру және жалақысын көбейту бойынша бірқатар жұмыс жүргізілгенін айтады.

«Мемлекет басшысы оқушыларды ынталандырып, білім беруді пайдалы әрі инклюзивті етудің маңызы зор екенін атап өтті. Сондай-ақ ол өңірлік және халықаралық деңгейдегі түрлі олимпиадаларда жетекші орындарға қол жеткізген оқушыларға ерекше назар аударды. Сонымен қатар Президент кәсіби бағдарлау мәселесін де қозғады. Биыл Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі «Профнавигация» жобасын іске қосқан болатын. Бүгінге дейін 20 мыңнан астам жоғары сынып оқушысы мен жас азамат сұранысқа ие мамандықтар бойынша дағдылары мен бейімділігін арттырып шықты», - дейді зерттеуші

«Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Президенттің ақпараттық технологиялар саласында кемінде 100 мың маман дайындау туралы тапсырмасына да тоқталды.

«Қазір технологиялық прогресс қарқынды дамып келеді. Ал цифрлық өнім мен қызмет әрбір қазақстандықтың өмірінде ажырамас бөлікке айналды. Мемлекеттік қызметтердің көбі смартфондар арқылы беріліп жатыр. Осы ретте, Мемлекет басшысы аталған бағыттың маңызы зор екенін атап өтіп, ақпараттық технологиялар саласында кемінде 100 мың маман дайындауды тапсырды. Бұл тапсырма Қазақстанның IT-индустриясын дамытуға жаңа серпін берері сөзсіз. Ал Президенттің Қазақстанды өңірлік, кейіннен құрлықтық деңгейдегі цифрлық хабқа айналдыру туралы пайымы жас IT-мамандар үшін зор мүмкіндіктер беріп, әлеуетін толық ашу үшін қолайлы жағдайлар жасайды», - дейді сарапшы.

Оның пікіріне қарағанда, Қасым-Жомарт Тоқаев осы Жолдау арқылы жастардың сапалы білім алуы, дербес дамуы мен нарықта лайықты жұмыс табуы әрдайым назар ұстайтынын көрсеткен.

06.09.2021 3104

Возврат к списку